Солтүстік Қазақстан облысында Якорь ауылы мен Мамлют тасжолы аралығында құрғақ шөп пен бұталардың жануы тіркелді. Қазіргі уақытта өрттің нақты аумағы анықталып жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Оқиға орнында өртті сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Тілсіз жаумен күреске Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің үш бөлімшесі жұмылдырылған. Атап айтқанда, Соколовка ауылындағы өрт сөндіру бекеті мен «Соколовское лесничество» мемлекеттік орман мекемесінің күштері жұмыс істеп жатыр. Көлік өте алмайтын аумақтарда өрт тікұшақтың көмегімен сөндірілуде.

Мамандардың айтуынша, жағдайды екпінді жел күрделендіріп отыр. Соған қарамастан, елді мекен тұрғындары мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай бақылауда.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ведомство құрғақ өсімдіктерді өртеуге жол бермеуді және ашық от көздерін қараусыз қалдырмауды ескертті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Пестрое көлінің маңында экопарктің құрылысы басталды

