Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы тіркелген қылмыстардың 635-і немесе 31%-ы алкогольдік масаң күйде жасалған. Бұл туралы СҚО ПД бастығы Абай Жүсіпов халық алдындағы есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО ПД бастығы Абай Жүсіповтың айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы екі айында алкогольдік ішімдіктерді тұтыну салдарынан 93 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіштің 12пайызын құрайды. Ерекше назар аударатын жайт — кісі өлтіру қылмыстарының көпшілігі алкогольмен тікелей байланысты.
Кісі өлтіру фактілерінің 90 пайыздан астамында қылмыскерлер мас күйінде болған. Көп жағдайда мұндай оқиғалар отбасылық-тұрмыстық жанжалдар негізінде туындайды. Өткен жылы кісі өлтіру саны 43%-ға өсіп, 14-тен 20-ға жетті.

«Осыған байланысты біз алдын алу жұмыстарын күшейттік. Бұл шаралар өз нәтижесін бере бастады: ағымдағы жылдың екі айында кісі өлтіру саны 80%-ға төмендеп, 5-тен 1 жағдайға дейін азайды» — деді Абай Жүсіпов.
Өткен жылы қоғамдық орындарда алкоголь ішу және мас күйінде жүру фактілері бойынша шамамен 11 мың 600 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Алкогольге тәуелді 185 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Сот шешімімен 1 мыңнан астам адамға тұрмыста алкоголь тұтынуға тыйым салынды.
Сонымен қатар, заңсыз алкоголь өнімдерін сатумен күрес барысында 115 құқық бұзушылық және спирттік өнімдерді заңсыз сатудың 310 фактісі тіркелді. Айналымнан бес тоннадан астам алкоголь өнімі тәркіленді. Ал биылдың өзінде 1 885 литр заңсыз өнім алынған.
«Ауыл тұрғындары арасында алкогольден толық бас тарту тәжірибесі кең таралуда. Қазіргі таңда 37 ауылда алкоголь өнімдері сатылмайды. Нәтижесінде бұл елді мекендерде қылмыс тіркелмеген, — деп атап өтті Абай Жүсіпов.
Тағы оқыңыз: Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді

