СҚО-да «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Басты мақсат — мал ұрлығы фактілерін болдырмау, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алғашқы күні полицейлер ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп 127 автокөлікті, мал және ет өнімдерін өткізетін 34 орынды, 87 шаруа қожалығын, жайылымдық пен фермаларды тексерді. Оның барысында ветеринария саласында алты құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 26 мал иесі қараусыз жүрген малдары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер ескертеді: малды қараусыз жаю қаскөйлер үшін қолайлы жағдай туғызады.
«Өңір аумағында 3–5 наурыз аралығында патрульдік полиция батальонымен бірлесіп «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.) Жыл басынан бері полиция қызметкерлерімен бірлесіп 87 рейдтік іс-шара өткізілді. Оның барысында 72 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды» — деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нариман Халимулин.
Патрульдік полиция батальонының инспекторлары мал ұрлығының жолын кесуге бағытталған жеке жоспар бойынша жұмыс істеуде. Аудандардан ет өнімдері қала базарларына негізінен түнгі және таңғы уақытта жеткізілетіндіктен, патрульдік қызметкерлер негізгі автожолдарда бақылауды күшейтті.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты

