Петропавлда «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Сайысқа аймақтың түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ұйымдастырушылардың көздегені — жасөспірімдерді отансүйгіштікке баулып, қазақ тіліне деген қызығушылықтардың арттыру. Олимпиадаға «сен тұр, мен атайын» дейтін жас таланттар келді. Әрқайсысы аудандық және қалалық кезеңдерде топ жарған.

«Олимпиада 5 аталым бойынша ұйымдастырылып жатыр. Республикалық кезең сәуірде Астана қаласында өтеді. Бүгінгі сайыста жеңімпаз атанғандар өңір намысын қорғайды», — деді «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері Жұлдызай Иманбекова.
Ал Құралай Жанабай болса «Жарқын Болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңіне осымен екінші рет қатысып отыр. Былтыр жолы болмапты. Биылғы сайысқа жақсы дайындалған. Талантты жас жүлдегерлер қатарынан көрінгісі келеді.

«Мен «Жас қаламгер» аталымы бойынша сынға түсудемін. Бұл сайыста бізге тіл, табиғат, ұлттық құндылықтар туралы тақырып беріледі. Біз сол бойынша эссе немесе шығарма жазамыз. Қазақ тілінің әлемдік деңгейге шыққанын қалаймын», — деді Тимирязев ауданынан келген Құралай Жанабай.
Айта кету керек, былтыр теріскейлік оқушылар «Жарқын Болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасына қатысып, жалпыкомандалық есепте үшінші орыннан көрінді.
Тағы оқыңыз: Петропавл әкімі көше саудасына қатысты дауға нүкте қойды

