Солтүстік Қазақстан облысында 100-ден астам адам ағза донорлығына мұқтаж. Оның ішінде балалар да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облысқа транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мүшелері келді. Білікті мамандар жергілікті ақхалаттылармен кездесіп, ағза донорлығы тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл — қазіргі қоғамда жиі талқыланып жүрген өзекті мәселе. Біреу құптайды, біреуі қарсылық білдіреді.
Дегенмен әлемде, оның ішінде елімізде мүшеге зәру жандардың саны артуда. Орталық мамандары берген статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 4500-ге жуық адам ағза донорын күтіп отыр. Оның 80 пайызы бүйрек трансплантациясына мұқтаж.

«Қайтыс болған адамның мүшесін алу үшін туыстарынан рұқсат алу қажет. Бірақ, қазіргі таңда тұрғындар ағза доноры болғысы келсе, «Egov» порталы арқылы өтінім бере алады», — деді ҚР ДСМ транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың бөлім басшысы Қайрат Иманбаев.
Былтыр елімізде қайтыс болған 20-ға жуық адамның ағзасы 60-тан астам жанның өмірін сақтап қалды. Қазіргі таңда елімізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек және ұйқы безі трансплантацияланады. Өңірде ағза донорлығы бойынша оталар жасалмайды. Бірақ, ақхалаттыларымыз аталған бағыт бойынша жан-жақты білім алуда.

«Былтыр облыста 2 адам өз ағзасын беруге рұқсат етті. Олар 10 мұқтаж жанның өмірін сақтап қалды. Бүгінгі шара біз үшін өте маңызды. Мол мағлұмат алдық», — деді өңірлік трансплантациялау координаторы Әділхан Қабдуов.
Сандарға сүйенсек, облыста 100-ден астам адам ағза донорлығына мұқтаж.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы спорт клубтарында қанша солтүстікқазақстандық спортшы бар?


