Қазақстанда некеге тұрғандар саны азайып барады. Ал ажырасу көрсеткіші жоғары өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан облысы да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media .

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы елде шамамен 115 мың неке тіркелген. Некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69 болған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмен. Мысалы, 2024 жылы 123,6 мың, 2023 жылы 120,8 мың, ал 2022 жылы 128,3 мың неке тіркелген.

Сонымен бірге, 2025 жылы Қазақстанда 45,7 мың жұп ажырасқан. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24 болды.

Ажырасу ең көп тіркелген өңірлердің үштігіне Павлодар облысы, Қарағанды облысы және Солтүстік Қазақстан облысы кірді. СҚО-да ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 3,28 болған. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Статистикаға сүйенсек, ажырасудың басым бөлігі қалалық жерлерде тіркелген.  Мамандардың мәліметінше, көбіне жұптар некеге тұрғаннан кейін 1-4 жыл ішінде ажырасады. Мұндай жағдайлар барлық ажырасудың 35 пайызын құрайды. Ал алғашқы жылы-ақ айырылысып кеткендердің үлесі 8 пайыз болған.

Ал неке тіркеу көрсеткішіне келсек, 2025 жылы ең жоғары нәтиже Астанада тіркелген. Одан кейін Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында байқалған.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда мектеп оқулықтары жаңартылады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *