Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында солтүстікқазақстандық сала мамандары Ақордада марапатталды. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды –драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазақстанда мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын 21-ші мамыр күні аталып өтіледі. Осыған орай Ақордада еліміздің бір топ өнерпазының басын қосқан салтанатты жиын өтті. Онда Президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы өнер саласында еңбек етіп жүрген жандардың бірқатарына мемлекеттік наградаларды табыстады. Солардың бірі- С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев. Оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Ал Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисті Динара Таушева «Ерен еңбегі үшін» медалін президент қолынан алды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық оқушылар жазда музей мен театрларға тегін кіре алады