Астанада Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында Amanat партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVIІ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Жан Шуақ» сыйлығын тапсыру рәсімі елімізде 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде 90-ға жуық адам марапатталған. Биыл ашық дауыс беру нәтижесінде ұйымдастыру комиссиясының шешімімен 8 лауреат анықталды. Солардың бірі — «Sensitive» би театры. Солтүстікқазақстандық есту қабілеті бұзылған бишілер ұжымы «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Ансамбль 18 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында олар тек Қазақстанда ғана емес, әлемге танымал ұжымға айналды. Биыл Франциядағы халықаралық фестивальде «Sensitive» Канн шығармашылық өнер фестивалінің үздік хореографиялық ұжымы ретінде танылды. Әр лауреат 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жиынға қатысқан мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.
«Қоғамның жетілу деңгейі, адами, азаматтық жауапкершілігі оның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасымен өлшенеді. Елімізде бұл көзқарас оң бағытқа қарай өзгеруде. Осы өзгерістердің өзегінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік тұрғыда Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған саясаты жатыр. Біз ұзақ уақыт бойы мүгедектігі бар адамдар тек қорғау мен көмекті қажет етеді деген таптаурын қағидамен өмір сүрдік. Дәл қазір бұл стереотиптердің мәні жойылуда», – деді ол.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар қала және аудан әкімдерін өздері сайлайды