Солтүстікқазақстандық палуан Қостанайда атой салды. Қамысты ауылының 70 жылдығына арналған республикалық турнирде Дмитрий Динер топ жарды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақ күресінен республикалық турнир Қостанай облысына қарасты Қамысты ауылының 70 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен мықты палуандар қатысты. 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Дмитрий Динер қарсыластарын қоғадай жапырып, жарыс жеңімпазы атанды.
Солтүстікқазақстандық палуан жеңіс жолында төрт белдесу кездесу өткізді. Ол іріктеу кездесулерінде Қызылорда мен Қостанай облыстарының жігіттерінен басым түсті. Жартылай финалда шымкенттік палуанды жеңді. Ақтық сында жергілікті боз кілем шеберін тізе бүктүріп, чемпион атанды.
Дүбірлі додадағы жеңісі үшін теріскейлік палуанға бір миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Тағы оқыңыз: Екі ойын — екі жеңіс! «Құлагер» ХК батысқазақстандық «Ақтөбеден» басым түсті