Бүгін еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылының аяқталуы атап өтіледі. Биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күніне сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шаралар мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Олардың ішінде 217 мыңнан астамы — 11-сынып түлектері. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 11-сыныпты 3642 оқушы бітіреді. Жалпы өңірде 1-ден 11-сыныпқа дейін 73 996 оқушы білім алатын 444 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Ал бірінші сыныпты 6930 бала аяқтап жатыр.
Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттар 18-20 маусым аралығында табысталады. Соңғы оқу күні — 23 мамырда еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл іс-шара оқушылар мен ұстаздардың оқу жылын қорытындылап, маңызды сәттерді бірге еске алуына мүмкіндік береді
Сондай-ақ, осы күні барлық мектептерде оқушылар арасында «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптары бойынша эссе байқауы өтеді.
Биыл «Алтын белгіге» 122 түлек үміткер. Сонымен қатар, 11-сыныптың 230 және 9-сыныптың 434 оқушысы үздік аттестат алуға үмітті.
Оқу-ағарту министрлігі мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін ескертті.