Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алты ай қысқа халықты отынмен дер кезінде қамтамасыз ету аса маңызды. Осы мақсатта облыста отын дайындау науқаны жаз-күз айларында басталып, белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуда, деп жазады Qazaqstan Media.
Отын дайындау ісі ең алдымен рұқсат құжаттарын ресімдеуден басталады. Жергілікті тұрғындардың отынға деген сұранысы орман мекемелеріне келіп түскен өтінімдер негізінде қанағаттандырылады. Ағаш негізінен басты және аралық пайдаланудан, санитарлық тазалау жұмыстары мен басқа да кесу түрлері нәтижесінде алынады.
«Отын ретінде қураған, шіріген, зиянкестерден зақымданған немесе орман өртінен зардап шеккен ағаштар пайдаланылады. Бұл – орманды сауықтыруға және табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Ал сау және жас ағаштарды кесуге қатаң тыйым салынған»,- дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары.
Облыс бойынша 2025 жылға арналған орман қорының көлемі 513,7 мың текше метр болып бекітілген. Оның ішінде әрбір елді мекенге қолжетімді учаскелер бөлінеді. Дегенмен, кей жағдайларда бұл учаскелер қоныстанған аумақтардан шалғай орналасуы мүмкін. Осындай кезде жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету шараларын қолға алады.
«Ағаш алуға ниетті тұрғындар жақын маңдағы орман шаруашылығына барып, өтінім береді. Қазақстан Республикасының Орман кодексінің 91-бабына сәйкес, өтінімдер тіркеліп, әдетте сол күні қаралады. Кейін тұтынушы ағаштың құнын «Қазпошта» бөлімшесі арқылы төлеп, орман мекемесімен шарт жасасады»,-деп түсіндірді мамандар.
Орман мекемесі бөлген учаскедегі әрбір ағаш белгіленіп, есепке алынады. Кесуге тек рұқсат етілген ағаштар ғана жатады, бұл талаптың орындалуын орманшылық басшысы мен орман шебері қатаң бақылайды.
2025 жылдың жеті айында мемлекеттік орман мекемелері 133,2 мың текше метр отынды халыққа жеткізді. Ал, ұзақ мерзімді орман пайдаланушылар 30,7 мың текше метр көлемінде ағаш жіберген. Бұл – жыл басынан бері бөлінген орман қорынан алынған нақты көлем.
Мамандар тұрғындарға отынды алдын ала, жаз-күз мезгілінде дайындауға кеңес береді. Бұл – тек қауіпсіздік пен жайлылық кепілі ғана емес, сонымен қатар орман ресурстарын ұтымды пайдалану мен заң талаптарын сақтау жолы.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі жаңадан сайланған аудан әкіміне бірқатар тапсырма берді