Солтүстік Қазақстан облысында жазасын өтеп жүрген 45 азамат диплом алды. Олар Петропавл кәсіптік колледжінде білім алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сотталғандар ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, тігін өндірісі және киімді модельдеу мамандығы бойынша оқу бітірген.
«Аталған мамандықтар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде де, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие. Мұны жазасын өтеп жүргендер жақсы біледі. Сонымен қатар орта кәсіптік білім алуға және кәсіптік оқытуға деген оң көзқарас сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін анықтау кезінде ескеріледі», – деді №50 мекеме бастығының орынбасары Оксана Вышар.
Өз кезегінде сотталғандар бас бостандығынан айыру орындарында білім алу мүмкіндігі үшін колледж басшылығы мен оқытушылар құрамына алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, алдағы оқу жылында Петропавл кәсіптік колледжінде бес мамандық бойынша 90 студент-сотталушы білім алмақ.
Тағы оқыңыз:Уәлиханов ауданы: Кішкенекөлден Ресей шекарасына дейінгі жол жөнделеді