Петропавлда медицина қызметкерлері арасында спартакиада өтті. Оған облыстағы барлық аурухана мен емхана және Ж. Тілеулин атындағы СҚ жоғары медициналық колледж қызметкерлері қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Медицина қызметкерлері күнінен орай спартакиада ұйымдастыру дәстүрге айналған. Оған облысымыздың барлық аурухана мен емхана ұйымдары қатысады. Ол алдымен салауатты өмір салтын насихаттау болса, екіншіден әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Осы жолы спартакиада спорттың бес түрі бойынша өтті. Ол жеңіл атлетика, арқан тартыс, тартылу және дартс пен ұзындыққа секіру. Соңғысына басшылар мен олардың орынбасарлары ғана қатысты.

«Бүгінгі іс-шара тек спорттағы жетістіктерді көрсету ғана емес, сонымен қатар ұжымдағы ауызбіршілікті де нығайтуға бағытталған. Қызметкерлер өздерін білікті маман ретінде ғана емес, жақсы спортшы екендіктерін де көрсетуде», — деді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Иманжанов.
Жарыс алаңына ең алдымен жеңіл атлетика сайысына қатысушылар шықты. Әр команда екі әйел, екі ер адамнан ұсынды. Дәл осындай құрам ұзындыққа секіруде де болды. Ал тартылуға бір әйел мен бір ер адамнан қатысты.
«Қызметкерлер арасында спортпен шұғылданатын, жаттығатын мамандар бар. Спартакиада алдымен ұжымды біріктіреді. Жақсы дайындықпен келдік. Командаға спортқа жақын деген қызметкерлер кіреді. Жалпы, медицина мен спорт бір-біріне өте жақын. Деніңіз сау болсын десеңіз, спортпен шұғылдану керек», — дейді Аққайың аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Ринат Үлмесеков.

Төл мерекелері қарсаңында спортта бақ сынап, жеңіске жеткендерге кубоктармен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да пошташы әкімдік ғимаратында киім-кешек сатып келген