Солтүстік Қазақстан прокурорлары кәсіпкерлерді заңсыз тексеру, есеп шоттарын негізсіз бұғаттау фактілерін анықтады. Бұл әрекеттерді жергілікті шенеуніктер жасаған, деп жазады Qazaqstan Media.
Прокурорлардың тексерісінен кейін облыс кәсіпкерлерінің біршамасы өз мәселелерін шеше алды. Мысалы, Петропавл қаласында жеке кәсіпкер К.Д. Құлжановаға қатысты негізсіз салықтық тексеріс жүргізілгені анықталды. Бұл дерек бойынша қалалық прокуратураның қаулысымен Мемлекеттік кірістер басқармасының жауапты қызметкері Әкімшілік кодекстің 175-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның наразылығынан кейін тексеріс заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Ал, Акжар ауданында «KZYLTU GROUP» серіктестігі прокуратураға әкімдіктен орындалған жұмыстың ақысын ала алмай жүргенін айтып арызданған. Тексеру барысында аудан әкімі аппаратының лауазымды тұлғасы мемлекеттік сатып алу шарты бойынша 1,7 млн теңге сомасындағы орындалған жұмыстардың ақысын заңсыз төлеуден бас тартқаны анықталды.
Сондай-ақ Айыртау ауданында статистика басқармасының басшысы «Заман» шаруа қожалығына қатысты заңсыз шешім қабылдаған. Бұл фактілер бойынша кінәлі тұлғалар Әкімшілік кодекстің 173-бабы бойынша жазаланды.
Кызылжар ауданында прокуратура жеке кәсіпкер «Молотковтың» шоттарына негізсіз шектеу қойған салық органының әрекетін анықтады. Материалдар сотқа жолданып, 12 қыркүйек күні Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен басқарма басшысы кінәлі деп танылып, 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта прокуратура органдары кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да республикалық маңызы бар жол жөнделді

 
 