Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында 2025 жылы 15 млрд теңгеге жеті жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан аудан басшысы Сақтаған Сәдуақасов баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қызылжар ауданында іске асырылатын жобалардың барлығы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Айталық, келер жылы «Зенченко и К» КС өз қаржысына Новоникольское ауылында 8000 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салмақ.
«Жоба құны 9 млрд теңгені құрайды. Бүгіндері құрылыс жұмыстары басталды. Ферма жылына 26000 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Мұнда 60 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ Кондратовка ауылында құс фабрикасы салынады. Жоба құны 1,1 млрд теңге. Тағы бір жобаны «Молсервис» ЖШС жүзеге асырмақ. Кәсіпорын сары май және ірімшік-сүзбе өнімдерін өндіру цехын салмақшы. Бүгіндері жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр», — деді Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов.
Ал Прибрежный ауылында 1000 басқа арналған бордақылау алаңы салынады. Бұдан бөлек, «Елім Қызылжар» ЖШС 70 га алаңда картопты тамшылап суару әдісі арқылы өсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Подгорное ауылында жоңышқа өңдейтін зауыт салынады.
«Құны 3 млрд теңге болатын жобаны «SalarFarm» ЖШС іске асырмақ. Бүгіндері зауытқа деп жер учаскесі бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 15 жаңа жұмыс орны құрылады. Онда өнімді кептіруге арналған құрылғылар орнатылып, құрама жем дайындалады», — деп толықтырды спикер.
Қызылжар ауданында тағы мал терісінен протеин өндіретін зауыт ашылады. Кәсіпорын бір жылда 10800 тонна теріні өңдеп, одан 4800 тонна ақуыз алуды жоспарлап отыр. Алынған өнім мал азығына қажет қоспа ретінде пайдаланылады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен әйел айыппұл арқалады