СҚО-да су тасқынын бақылау мақсатында дрондар жүйесі іске қосылады. Одан алынған деректер дереу жедел басқару орталығына жіберіледі, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Мемлекет басшысы қойған міндеттер шеңберінде Үкімет цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Сөйтіп, бұған дейін Алматыда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қолданылып келген жүйе енді Солтүстік Қазақстан облысында  су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.

Солтүстік Қазақстанда су тасқыны дрондар арқылы бақыланады

«Дрондар су тасқыны қаупі бар аумақтардан деректерді жинау үшін белгіленген траектория мен алдын ала белгіленген бағыттар бойынша күніне үш рет ұшады. Бұл өзендердің мұз жамылғысының жай-күйін, қардың көлемін, еріген сәтін, су толып кету жағдайын нақты уақытта бағалауға және уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», — деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев.

Деректер уақтылы әрекет ету және шаралар қабылдау үшін жедел басқару орталығына берілетін болады.

«Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақтелеком» бүкіл Қазақстан бойынша дрондар инфрақұрылымының бірыңғай жүйесі бойынша жобаны іске асыруда. Жақын арада бізде 100-ге жуық дронды ұшыру жоспарланып отыр. Пилоттық режимде олар әр қалада әртүрлі мақсаттарда қолданылады: ағымдағы жағдайлардың мониторингі, ТКШ бойынша мониторинг, құқық қорғау қызметі саласында. Сондай-ақ су тасқыны жағдайлары мен орман өрті кезінде пайдаланылады. Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде дрондарды ұшыру жоспарланып отырған 6 нүкте анықталды. Жағдайға байланысты су тасқыны кезеңінде қанша дрон пайдаланылатыны әлі нақтыланады», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абылайхан Оспанов.

Бұл жаңа өзгерістер су тасқыны қаупі бар өңірлерде төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға, мониторингті жақсартуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Болашақта су тасқынын бақылау үшін дрондар жүйесін басқа аймақтарда да енгізу жоспарланған.

Тағы оқыңыз: ҚР Премьер-министрі СҚО-ның су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *