Солтүстік Қазақстан облысында Шал ақын оқуларының облыстық кезеңі өтті. Бұл оқушылар арасындағы әдеби шара осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Аталған шара Шал ақын аудандық білім бөлімінің бастамасымен үш жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сайыс Ысқақ Ыбыраев ауылындағы М. Ахметбеков атындағы орта мектепке өтті. Биыл облыстық оқуларға өңіріміздің 20-дан астам оқушысы қатысты.
«Ауданымыз үшін бұл шараның маңызы зор. Себебі, тарихи тұлғаның әдебиетте де, тарихта да алар орны ерекше. Тілеуке Құлеке ұлының еңбектері, қанатты сөздері әлі күнге дейін өзекті. Біз осы оқулар арқылы жастарды әдебиетке баулып, олардың бойындағы ақындық дарындарын дамытамыз. Облыстық оқу үш номинациядан тұрады. Бірінші — «Өлеңге тоқтамайды шал дегенің» аталымы. Мұнда балалар Шал ақынның туындыларын мәнерлеп оқиды. Екінші — «Қатты – құттыға өтпейді қайран тісім!» деп аталады. Мұнда оқушылар ақынға қатысты тапқырыптарда эссе жазды», — деп нақтылады Шал ақын аудандық білім бөлімінің әдіскері, ұйымдастырушы Айым Сәрсекеева.
Ал «Сөз шебері» деп аталатын үшінші номинацияда балалар Шал ақынға арнаған өздерінің туындыларын оқыды. Сонымен қатар, сайыс барысында тау тұлғаға арнап өлең шығарған.
Оқушылардың шығармашылық талаптарын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, аудандық кітапхана, мұражай жетекшісі және мәдениет бөлімінің мамандары бағалады. Әр аталым бойынша бірнеше жеңімпаз анықталып, оларға дипломдар мен медальдар табысталды. Ал өзге қатысушыларға сертификаттар берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар арасында Шал ақын оқуларына қатысуға ниет білдіргендер саны артып келеді.
Тілеуке Құлекеұлы бала кезден ақындыққа жақын болып өскен. Жастайынын үлкендерше сөйлеп, төрелік айтқандықтан оны көпшілік «Шал ақын» атап кеткен. Оның әкесі хан Абылайдың жақын серігі болған.
Тағы оқыңыз: «Жол апаты жиі болады»: СҚО әкіміне қала тұрғындары бағдаршам орнату қажеттігін айтты