Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасында алғаш рет ми ісігіне эмболизация отасы жасалды. Жоғары технологиялық медициналық қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілді, деп жазады Qazaqstan Media.
Бір күннің ішінде нейрохирургия саласының мамандары Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның қан тамырлары және функционалды нейрохирургия бөлімінің дәрігері Бауржан Конақбаевтың қатысуымен жеті науқасқа ота жасады.

«Шеберлік сабағы барысында нейрохирургтер ми қан тамырларының ауруларын (артериовенозды мальформация, ми аневризмасы) емдеді. Сондай-ақ облыста алғаш рет ми ісігіне эмболизация және үштік нерв невралгиясын емдеу оталары орындалды. Қазір барлық пациент дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты және қанағаттанарлық. МӘМС жүйесінің арқасында науқастар емді тегін алды», – деп хабарлады көпбейінді облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңір тұрғындарына 257,4 млн теңге сомасына 41 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді.
«МӘМС жүйесінде әрбір азаматқа қымбат ем түрлерін алу мүмкіндігі бар. Созылмалы аурулары бар (гипертония, диабет, астма және т.б.) азаматтар тұрақты бақылауда болып, тегін тексеруден және емнен өтеді. Биылғы 41 жоғары технологиялық медициналық қызметтің 25-і ОСМС аясында (155,6 млн теңге), ал 16-сы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде (101,8 млн теңге) орындалды. Оның ішінде нейрохирургиялық бағытта – 33, кардиологиялық бағытта – 8 ота жасалды, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының директоры Айнагүл Давлетчина.
Тағы оқыңыз: СҚО–Қытай: 100-ден астам кәсіпкер инвестициялық форумда бас қосты

