Еліміз шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Дәстүрден Қызылжар жұртшылығы да жаңылмады. Заманында аспапты қолынан тастамаған Ақан сері бабамыздың атындағы облыстық филармонияда күй шертіліп, ән мен жырдан шашу шашылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ұлттық сана мен төл өнерді жаңғыртып, дәріптеуге бағытталған бұл шара өңір жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Шарада 20-дан астам туынды орындалды. Барлығы өнері көрерменнің жүрегінен орын тапты.
«Жалпы, Қазақстанда тұрып жатқан кез-келген азамат қай салада жұмыс істесе де, мансапқа жетсе де, әні мен күйін ұмытпауы керек. Әрбір үйдің төрінде домбыра тұруы керек. Оны тыңдап, ұғына білуі қажет. Қазақ халқының бар болмысы, бар мінезі осы қос ішекті домбырада тұр. Домбыра – қазақтың мұңын да, қуанышын да жырлай білген аспап», -деді Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжанов.
Айтулы шарада «Әсерлі ән, көк нөсер күй» орындаушылар байқауының жеңімпаздары анықталды. Сайыста «Дәстүрлі әншілік өнер» аталымы бойынша бас жүлдені петропавлдық бұрымды Мадина Серік еншіледі.

«Байқауға бір ай дайындалдым. Шарада Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» атты туындысын орындадым. Бұл жеңіп алған бірінші марапатым емес. Бұған дейін республикалық додаларда талай жүлде алған болатынмын», -деді Мадина Серік.
Айта кету керек, байқау жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданында ерікті өрт сөндіру құрылымының жаңа бекеті ашылды