Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттері білім ордасымен қоштасты. Олар енді өңіріміздің медицина ұйымдарында еңбек етеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Білім ордасын 323 студент тәмәмдады. Соның 144-і грантта оқыды. Солардың бірі — Дарина Қуаныш. Нәзікжанды алдағы уақытта аталған салада қалып, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр.

«Төрт жыл ішінде көп дүние үйрендім. Өмірімдегі ең қызықты сәттер осы білім ордасында болды. Негізінен, бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Адамдарға көмектескенді ұнататынмын. Сол мақсатымен жеттім деп ойлаймын», — деді Дарина Қуаныш.
Мақсат орындалды. Қуанышта шек жоқ. Қошеметке бөленгендердің құшағы гүлге толды. Түлектердің жүзінен қуаныш сезімі байқалды. Төрт жыл білім нәрімен сусындаған оқу орнын қимай тұрғандары да аз емес.
«Түлектердің барлығы жұмыспен қамтылды. Облысымыздағы барлық дерлік медициналық мекемелермен меморандумға отырдық. Осының арқасында жастар оқудан кейін сандалып жүрмейді. Біздің колледж өңірдегі медицина саласындағы кадр тапшылығын жоюда маңызды рөл атқарады», -деді Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің бөлім меңгерушісі Дәрия Қарабай.
Тағы оқыңыз: СҚО Новоишим ауылында 34 пәтерлі үй салынып жатыр