Солтүстік Қазақстан облысына 231 мұғалім жетіспейді. Әсіресе шалғай ауылдарға жастардың барғысы келмейді екен. Бүгінде өңірде математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті мамандарына деген сұраныс жоғары, деп хабарлайды Qazaqstan Media 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Шал ақын ауданындағы Ольгинка ауылындағы мектепке биыл 3 маман келген. Дегенмен әлі 2 мұғалім жетіспейді. Сондықтан сұранысқа ие ұстаздар көрші елді мекендерден қатынап, балаларға сабақ береді.
«Бізде шағын жинақталған мектеп. Сондықтан да, мысалға, қазіргі таңда ән-күй сабағы бір-ақ сабақ аптасына. Яғни, 1 сағатқа ешкім келгісі келмейді. Сондықтан ол мәселені көрші ауылдардың мектептерімен келісіп, біріктіріп, сабақ беріп жатырмыз. Олар жаңағы сабақ кестесіне қарай бізге келіп, ән-күйден 1 сағатын, информатикадан 5 сағатын беріп кетеді — Ольгинка негізгі мектебінің директоры Әлібек Зәбенов.
Ауылдарға жастардың барғысы жоқ. Себебі оқушы саны аз, сәйкесінше ұстаздардың сағаты да аз. Бүгінде өңірде 231 маманның орны бос тұр. Әсіресе информатика, орыс тілі, физика сынды пәндердің мұғаліміне сұраныс жоғары. Мұндай мәселе барлық ауданда бар.
«Қазір біз еліміздің бірнеше жоғары оқу ордаларымен меморандум жасадық. Осының арқасында болашақта бос орындарды жабамыз деген ойдамыз. Мұнымен қоса бағыттары бірыңғай пәндердің мұғалімдерін қайта даярлаудан өткізіп жатырмыз. Зейнет жасындағы ұстаздарды да жұмысқа шақырдық. Оның үстіне дипломмен ауылға бағдарламасы тағы бар. Яғни, елді мекендерге барамын деген жандарға бірқатар жеңілдік қарастырылған» — облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлшәт Шәймерденова.
Биыл өңірдегі университетпен колледжді педагогика мамандығы бойынша мыңға жуық түлек тәмамдаған. Оның тек 371-і қазір мектепте шәкірт тәрбиелеп жатыр. Ал қалғандары басқа саланы таңдаған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да алимент төлеуден қашқан 3 адам қамауға алынды