Әлем кубогы мен Азия чемпионатында өңір қоржынына жүлде салған палуандар құрметке бөленді. Солтүстікқазақстандықтар Түркістан атой салған Нұрғали Тұрсынғазиев пен Дмитрий Динерді сән-салтанатпен қарсы алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазан айының соңында Түркістанда қазақ күресінен екі бірдей дүбірлі дода — Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекелерде Нұрғали Тұрсынғазиев чемпион атанса, Дмитрий Динер қола жүлде еншіледі. Петропавлдықтар қуанышпен спортшыларды қарсы алды.
«Алғашқы белдесуде филиппиндік спортшыны тізе бүктірдім. Екіншісінде өзбекстандық боз кілем шеберін жеңдім. Жартылай финалда үндістандық палуаннан басым түстім. Ақтық бәсекеде қырғызстандық палуаннан айламды асырдым. Әр кездесу мен үшін оңайға соқпады», — деді Азия чемпионы Нұрғали Тұрсынғазиев.
Дмитрий Динер болса жүлде жолында төрт белдесу өткізген. Жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмеді. Тек ақтық сын жолдамасы берілген сында әккі қарсыласына жол берді. Бірақ, дер кезінде жиналып, қола жүлдені қанжығасына байлады.

«Әлем кубогына тек «Сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар келді. Әр кездесу оңайға соқпады. Жартылай финалда өз қателігімнің салдарымнан жеңілдім. Қараша айында қазақ күресінен ел чемпионаты өтеді. Сол бәсекеде чемпион атануды көздеп отырмын», — деді Дмитрий Динер.
Ел мерейін асырған спортшы – көздерінде оты бар жастарға үлгі. Оны қарсы алу шарасында байқауға болады. Бір топ бала палуанның қасынан шықпай, қолтаңбасын алып жатты.

«Соңғы жылдары қазақ күресі облысымызда қарқынды дамып келеді. Бұған облыстық әкімдік көрсеткен қолдау себепші деп айтсам болады. Алдағы уақытта өңірден Әлем чемпиондары шығатынына сенім мол», — деді қазақ күресінен облыстың аға бапкері Дәурен Есләмов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жігіт жалақы үшін фермерді атып тастады

