Алматы қаласында «Auyl Sport 2025» республикалық турнирі өтті. Дүбірлі додада еркін күрестен сынға түскен палуанымыз Владимир Зайц жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жарысқа еліміздің 16 облысынан құрамалар қатысты. Әрбіреуі өңірлік іріктеуден өткен спортшылар. Додада солтүстікқазақстандық палуан Владимир Зайц топ жарды.
Жалынды жас 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Іріктеу кезеңінде ол Атырау, Түркістан және Алматы облыстарының спортшыларын жеңді. Ақтық сында Жамбыл облысының өкілімен кездесіп, басым түсті.
Владимир барлық қарсыласын қоғадай жапырды деп айтуға толық негіз бар. Себебі, ол әр белдесуінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Сонымен қатар, ол турнирдің «Ең үздік спортшысы» деп танылды.
Тағы оқыңыз: «Қызыл-Жар» футбол клубы олигархтың меншігіне өтті

