Алматыда «Аламан құрақ — 2025» атты шара өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 660 құрақшы бас қосып, Гиннес рекордтар кітабына енді. Оның қатарынада жерлес оқушы да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шеберлер 1400 шаршы метрге жайылған 660 құрақ ұсынды. Бұл шараның мақсаты рекордты бұзу емес, ұлттық құндылықтарымызды әлемге паш ету. Бас қосуға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысты. Айта кету керек, ұйымдастырушылар бұл шараға үш жыл бойы дайындалды.
Рекордтар кітабына енуге теріскейлік бұрымды Мөлдір Ертеректі ат салысты. Ол Петропавлдағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 мектебінде оқиды. Кішкентай кезінен қолөнерге жақын. Нәзікжанды шарада белсендігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Мөлдірді анасы Қорлан ханымда қолынан бал тамған шебер. Отбасы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға зор үлесін қосып келеді.

«Мөлдірдің жобаға қатысуы – оның ұлттық өнерге деген ерекше сүйіспеншілігінің, ізденімпаздығы мен табандылығының айғағы. Бұл тарихи оқиғаға дайындық барысында Мөлдір үлкен жауапкершілік танытып, әрбір құрақты ықыласпен, тиянақпен құраған. Оның бойындағы өнерге деген махаббат – отбасыдан бастау алған құндылық»,-дейді Ә.Бөкейхан атындағы 25 жалпы білім беретін орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Елубай.
Тағы оқыңыз: Петропавлда белсенді ардагерлер марапатталды