Маусымның 4-7 аралығында Ақтөбеде муай-тайдан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Дүбірлі додада теріскейлік спортшылар 7 алтын, 8 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ел чемпионаты еліміздің 12 облысынан барған 319 кіл мықтының басын қосты. Жарыс спортшыларымыз үшін оңайға соқпады.
«Шәкірттерім үмітті ақтады. Шыны керек, мұндай нәтиже күтпедім. Жарыста тыңғылықты дайындықтың арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын. Арқаны кеңге салуға уақыт жоқ. Алда бізді бұдан да үлкен жарыстар күтіп тұр», — деді «Жауынгер» спорт клубының жаттықтырушысы Виктор Вегеле.
Жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінгендердің бірі — Асан Әлі Сарқыт. Оның муай-таймен айналысып жүргеніне 3 жылдан асқан. Айта кету керек, ол Ақтөбеде «Ең үздік техника» аталымы бойынша бас жүлде еншілеген.
«Ел чемпионатына осымен 2-ші рет қатысып отырмын. Біріншісінде қола жүлде еншіледім. Жарыс көңілімнен шықты. Мол тәжірибе жинақтадым. Дайындықты бір сәтке де үзбеймін. Болашақта ел намысын абыроймен қорғайтын спортшы болғым келеді», — дейді ел чемпионы Асан Әлі Сарқыт.
Жеңімпаз атанған жерлестеріміз күзде Дубайда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Тағы оқыңыз: Солтүстіктікқазақстандық дәрігерлер спорттық сайыста бақ сынады