14-18 мамыр аралығында Түркияның Анталья қаласында өткен кикбоксингтен әлем кубогында солтүстікқазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. 60 келі салмақта бағын сынаған Аслан Асылбков бесінші рет чемпион атағын сақтап қалды, деп жазады Qazaqstan Media.
Түркияда өткен халықаралық додаға 2549 спортшысы қатысты. Әлемнің 41 елінен спортшылар барған жарысқа ел намысын қорғауға 102 қазақстандық аттанған. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының да үздік өкілдері бар.
Солардың бірі — Аслан Асылбеков. 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшымыз (фулл-контакт) барлық қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, әлем чемпионы деген титулды бесінші рет қорғады.

«Мен рингте төрт кездесу өткіздім. Екеуі Түркия елінің спортшылары, үшінші Норвегия елінің өкілі болды. Сосын украиналық кикбоксерді жеңдім», — дейді әлем чемпионы Аслан Асылбеков.
Сондай-ақ, 57 келі салмақта өнер көрсеткен тағы бір жерлесіміз Данияр Жарасов қола жүлдеге ие болды. Ол үш кездесу өткізген.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық оқушылар мен ата-аналарға суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді