Солтүстікқазақстандық мопедін ресми түрде тіркеді. М.Жұмабаев ауданының тұрғыны мопедіне мемлекеттік нөмірді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында алды, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыстағы алғашқы тіркелген мопедтің маркасы – Tank. Оған 35 жастағы Булаево қаласының тұрғыны мемлекеттік нөмір алып, көлігін ресми түрде тіркеді. Бұл обылста тіркелген алғашқы мопед.
Биыл сәуір айында күшіне енетін заңға сәйкес, мопедтерді тек тіркеуден өткеннен кейін және А1, А санатындағы жүргізуші куәлігі болған кезде ғана пайдалануға рұқсат беріледі. Бұл олардың қатысумен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған шара.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында мопед жүргізушілерінің қатысуымен 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың сегізі мопедтерді қағып кету фактісі болса, қалған 16-сы жүргізушілердің кінәсінен орын алды. Бұл оқиғалар салдарынан 20 адам жарақат алған. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған 13 бала бар.
Полицейлер көлік иелерінен мопедтерді тіркеуді соңғы күндерге қалдырмауды ескертеді. Қажет болған жағдайда автомектепте қажетті білімді меңгеріп, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алуды сұрайды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда әкімдер кәсіпкерлермен бірге өңірге қажетті мамандықтар тізімін жасайды