Солтүстікқазақстандықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсайды?

Биыл СҚО-да 3331 бала мектеп бітіреді. Олардың 85-і  «Алтын белгіге», ал 177-сі үздік аттестатқа үміткер. Бүгіндері түлектер мемлекеттік емтихандарын тапсырып, аттестарын алуға әзір. Мектеп бітіру кешіне де дайындық қызған. Ата-аналар балаларының мектеппен қоштасу кешіне қанша ақша жұмсайды? Qazaqstan Media тілшісі анықтап көрді.

Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепті тәмамдап жатқандардың бірі – Саида Төбет. Түлек «Алтын белгіге» үміткер. Ол 5 маусым күні ҰБТ тапсырып, 129 ұпай жинаған. Келесі сынақты 21 маусым күні тапсырады. Саида «Алтын белгісін» лайықты түрде қорғап шығатынына нық сенімді. Бойжеткен Астана қаласындағы медицина университетіне түсуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта мектеп бітіру кешіне дайындықты бастап та кеткен.

Солтүстікқазақстандықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсайды?

«Біздің мектеп бітіру кешіміз 24 маусым күні болады. Сол себепті, ертерек бет әрлеу мен шаш үлгісін жасату үшін салонға жазылып қойдым. Менің таңдауым Петропавлдағы Saadyan Studio әсемдік салонына түсті. Шаш пен макияжға 20-30 мың теңге аралығында қаржы жұмсалады. Осы күнді 11 жыл күткендіктен өзіме ұнаған, ерекше көйлекті сатып алдым. Киіміме жүз мың теңге кетті. Және аяқ киім, басқа да аксессуарлар бар. Барлығы 150 мың теңгенің маңайында қаржы жұмсалды», — дейді Саида Төбет.

Солтүстікқазақстандықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсайды?

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепті биыл 62 оқушы аяқтаған. Олардың мектеппен қоштасу кеші облыс орталығындағы Brown Street мейрамханасында өтеді. Оған да әр адам басына 30 мың теңгеден ақша кеткен. Саида бұл кешке анасымен барады. Демек, ресторанға тағы да 60 мың теңге қаражат жұмсайды.

«Мектеп бітіру кешіне ата-аналарымыз бен сынып жетекшілері де бірге барады. Ерекше күн болғандықтан өте қатты күтіп жүрміз. Құрбыларым да мен сияқты салондарға алдын ала жазылды. Және ең қызығы биыл қыздардың көбісі ақ түсті көйлекті таңдады. Ата-аналарымыз қарсы емес», — деді мектеп бітіруші.

Ал Петропавлдық Аягөз Мұхамеджанова шаш және бет әрлеуші. Маманның айтуынша, мектеп бітірушілер бір-бір жарым ай бұрын жазылып қоятын көрінеді. Түлектердің арасында қазір голивуд толқыны мен жиналған шаш үлгісі сұранысқа ие екен. Ал макияж жасау кезінде қыздар көбіне классикалық үлгіні таңдайтын көрінеді.

Солтүстікқазақстандықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсайды?

 

«Шаш үлгісін жасау оның ұзындығына, қалыңдығына байланысты. Мәселен, мен мектеп түлектеріне шаш үлгісін 5-10 мың теңге аралығында жасаймын. Ал макияж жеті мыңнан басталады. Қиындығына қарай ақшасы да көбейе береді. Осы айдың соңына жазылғандардың көбі мектеп бітіруші түлектер», — деді Аягөз Мұхамеджанова.

Солтүстікқазақстандықтар мектеп бітіру кешіне қанша ақша жұмсайды?

 

Мектеп бітіру кешіне ер балалардың да дайындығы қызу. Петропавлдағы бірнеше мектеп бітіруші түлекпен сұхбаттасып, дүкендердегі костюм бағаларын салыстырып көрдік. Ер жігіттердің костюм шалбары 50-60 мың теңгеден басталады. Ал аяқ киімдері 20-30 мың шамасында. Жалпы, үйінде мектеп бітірушісі бар ер жігіттердің ата-аналары өз балаларына кем дегенде 100 мың теңгеден шығындалса, қыздары бар жанұя 150 мың теңге қаражат жұмсайды.

Айта кетейік, мектеп түлектері 28 мамыр және 11 маусым аралығында мемлекеттік емтихан тапсырды. Енді маусым айының 13-і күні аттестаттарын қолдарына алады.

Тағы оқыңыз:СҚО әйелдер үшін еліміздегі ең нашар аймақтардың бірі

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x