Конституциялық комиссияның екінші отырысында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері кезең-кезеңімен талқылана бастады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Отырыста Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген салыстырмалы кестені таныстырып, Конституцияның Преамбуласы мен 1–39 баптарын жүйелі түрде қарауды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық құрылымның негіздерін нақтылап, заң нормаларының түсініктілігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
– Конституцияның Преамбуласы – бұл жай ғана кіріспе емес. Ол Негізгі заңның идеялық әрі моральдық өзегі, мемлекеттің даму бағытын айқындайтын басты бағдар, – деді Снежанна Имашева.
Талқылау барысында Конституцияның I және II бөлімдеріне қатысты нормалар да қаралды. Атап айтқанда, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын нығайту, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бас бостандығы мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ жеке өмір мен жеке деректердің қорғалуына қатысты мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар конституциялық қағидаттардың нормативтік мәртебесін күшейту және олардың іс жүзінде тиімді қолданылуын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар айтылды.
Отырыста адами капиталды дамыту, білім беру мен ғылымды қолдау, мәдениетті өркендету, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, қоршаған ортаны қорғау және отбасы құндылықтарын сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады.
Конституцияға енгізілетін ұсыныстарды қарау алдағы Конституциялық комиссия отырыстарында жалғасады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да полицейлер мас күйде далада қалған адамды құтқарды

