Биылдан бастап еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық шарт немесе жүктелген медициналық сақтандыру шартымен баруы керек. Аталған өзгерістер ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтығы бар, ҚР уақытша тұратын шетел азаматтарының отбасы мүшелеріне қатысты. Мамандар олар медициналық ұйымнан шарт жасасқан мерзім өткенен кейін бірден шығарылатынын айтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Елімізде 15-ші қыркүйекте емханаға тіркеу науқаны басталады. Екі айға созылатын дәстүрлі кампания қарашаның 15-інде аяқталмақ. Жыл сайын өтетін аталмыш шара жайында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірдегі мамандары айтты. Өйткені, биылдан бастап бірқатар өзгерістер орын алған.
«Биыл еңбек мигранттары – шетелдіктерді емханаға тіркеу ережелері өзгерді. Енді олар емханаға келісімшартпен немесе ерікті медициналық сақтандырумен, сондай-ақ жүктелген медициналық сақтандыру шартымен барулары керек. Жаңа ережелер ағымдағы жылдың 14 тамызында күшіне енді. Осыған орай емханаларға тіркелу ережелері мен иммигранттарға медициналық көмек көрсету ережелері өзгерді. Бұйрықтарға енгізілген өзгерістер тек РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения мемлекетінің азаматтығы бар, ҚР-да уақытша тұратын шетелдіктерге – еңбек мигранттарына және олардың отбасы мүшелеріне қатысты. Жаңа қағидаларға сәйкес, бұл шетелдіктер емханаға ерікті медициналық шарт немесе алғашқы медициналық-санитариялық және шұғыл стационарлық көмекке жүктелген медициналық сақтандыру шарты негізінде тіркеледі. Кейін шарт жасасқан мерзімі өткен жағдайда медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады», — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова.
Емханаға тіркелген жағдайда шетелдіктер ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден өту, әйелдерді жүктілік бойынша есепке қою, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық байқау және т.б. медициналық қызметтерді ала алады.
Ал еліміздің азаматтары және қандастарымыз, ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады. Тіркелуге болатын медицина ұйымдарының тізімін қордың www.fms.kz сайтынан көруге болады. Әр адам тұрақты немесе уақытша мекенжайы бойынша тіркеле алады. Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды тіркеуден бас тартуы, сондай-ақ медициналық ұйымның жүктемесінен асып кетсе де тіркеуге алмауы мүмкін. Себебі, учаскедегі жалпы практика дәрігеріне тіркелген пациенттер саны 1700-ден аспауы тиіс.
Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандықтар 18 ұйымның біріне тіркеле алады. 5 қалалық емхана, 13 ауандық аурухана. Олардың ішінде 16 мемлекеттік, 2 жеке меншік нысан бар.
«Сұрақтарыңыз болса, сіз өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзіңізге ыңғайлы байланыс арналары арқылы хабарласа аласыз: fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. Дәл осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ҚР электрондық үкіметі egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы жүргізілген төлемдер туралы біле аласыз», — дейді Қарлығаш Ілиясова.
Тағы оқыңыз: Петропавлда мас ер адам полицейлерге бағынбаған