Шеге терапиясының адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Бұл арқылы бала күнгі трамвалардан арылып, күйзеліс пен бойдағы қорқыныштан құтылуға болады. Qazaqstan Media тілшісі маманмен тілдесіп, садху терапиясы қан айналым жүйесін жақсартуға да септесетіндігін анықтады.
Шеге терапиясы дене мен санаға әсер етеді. Бұл процессте шеге тізілген тақтайға жатып, не болмаса аяқпен тұруға болады. Бірі білсе, бірі білмес: біздің табандарымызда 70 мыңнан астам жүйке нүктесі бар. Сол нүктелерді басып, массаж жасаған кезде адамның қан айналымы жақсарып, ұйқы, бүйрек үсті безінің жұмысына оң әсерін тигізеді. Тағы гормондардың қалыпқа келуіне септігін тигізеді.
«Шеге терапиясы барысында бастағы шектеулер алынады. Бірнеше жыл бойы жиналып қалған өкпе-реніш, үрейдің барлығы сыртқа шығарылады. Осыдан адамның бойы босап, ерекше күй кешеді. Айта кету қажет, бұл процедура қатты жанға батады, яғни ауыртады. Бірақ, тура осының арқасында психологиялық жүктемелерден арылуға болады. Бір сөзбен айтқанда, шеге үстінде тұрғаннан кейін адам іштей де сырттай да өзін еркін сезінеді», — дейді йога жаттықтырушысы Полина Побрус.
Садху терапиясы ішкі жан дүниені қалыпқа келтіріп қана қоймай, түрлі дерттен айығуға да көмектеседі. Полина Побрустың тәжірибесінде созылмалы ауруларынан тәуір болған клиенттер де болған екен. Мысалы, жиі суық тиіп қала беретін тұрғындардың иммунитеттері көтерілген. Омыртқасы мазалайтын адамдардың да мәселесі шешілген көрінеді.
«Маған өзін ылғи жайсыз сезінетін, әрдайым мазасызданатын қыз келіп, көмекке жүгінді. 1 рет шеге үстінде тұрғаннан кейін аталған проблемаларынан арылғанын айтты. Алайда, пайдасы бар екен деп өз бетінше шегеге тұруға болмайды. Міндетті түрде тәжірибелі маманның кеңесіне жүгінген дұрыс», — дейді Полина.
Садху терапиясының пайдасы көп. Дегенмен, қауіпсіздік техникасы мен жол сілтейтін маманның айтқанына құлақ аспау кері нәтижеге жеткізуі мүмкін. Жүкті келіншектерге бұл проедурадан өтуге болмайды. Сондай-ақ, дене қызуы мен қан қысымы көтерілген жандарға садху тақтайшасына тұруға тыйым салынған.
«Шеге тізілген тақтайға тек өз қалауыңызбен келген дұрыс. Біреудің жетектеп, қыстауымен мұндай шешім қабылдауға болмайды. Тиісінше, айналаңыздағы жандарды да азғырған дұрыс емес. Өзімнің тұрақты клиенттерім бар. Соңғы уақытта ер адамдар да келіп жүр. Өйткені, олар әйелдерге қарағанда өз эмоцияларын шығаруға қиналып жатады әрі стресстен шыға алмай жүргендер де бар. Дәл осы жағдайда шегенің тигізер пайдасы зор. Қарым-қатынастарын нығайту үшін жұптар бірге келіп, терапиядан өтіп жатады», — дейді йога жаттықтырушысы.
Шеге үстінде осынша уақыт тұру керек деген қатып қалған қағида жоқ. Кейбір адамдар 2-5 минут қана тұра алады. Ал, басқаларына 1 сағаттың өзі аздық етеді. Бұл әрине әркімнің денсаулығы мен шыдамдылығына байланысты.
Тағы оқыңыз: Елімізде бизнесті мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылады