Шал ақын ауданында ән мен жырды жанындай жақсы көретін әжелерімізден құралған «Балқадиша мұрасы» халықтық фольклорлық ансамблі бар. Ол тек өнер ұжымы ғана емес, ұлттық рухты, мәдени мұраны жаңғыртамыз деген жандардың тоғысқан жері. 26 тамыз күні халықтық фольклорлық ансамбльдің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
Мәдени кеш «Балқадиша – мұраның алтын арқауы» атты атаумен ұйымдастырылып, өнер мен өнегені ұштастыра білген рухани мерекеге айналды. Кеш шымылдығы ансамбль туралы әсерлі бейнероликпен ашылды. «Томирис» би ансамблінің орындауындағы «Көктем вальсі» қойылымымен жалғасты. Әрі қарай сахна төрінде ән мен жыр қатар өріліп, көрермен көңілін тербеді.
Заман өзгерсе де, өнер өзгермейді
20 жыл бұрын құрылған өнер ұжымы әлі де қатардан қалмай келеді. Заман өзгерсе де ұлттық өнер мен құндылыққа деген көзқарас өзгермегендігінің дәлелі. Сахнада тек өнер емес, өмірдің өзі көрініс тапты – бесік, күбі, үкілі үміттің көріністері ансамбль мүшелерінің орындауында ерекше әсер қалдырды.
Кеш барысында алғашқы буын өкілдерінің бейнеқұттықтаулары көрсетіліп, сахна төріне ансамбль мүшелері көтеріліп, өз өнерлерін паш етті. Бұл орайда аудан басшылығы да шет қалмады. Өнер ұжымына 1 млн теңгенің сертификаты берілді.

«Ансамбльдің шығармашылық жолы-халқымыздың мәдениетіне, салт-дәстүріне деген құрметтің айқын көрінісі. Осы жылдар ішінде ұжым ауданымыздың ғана емес, облыс пен республиканың да мәдени өмірінде өз орнын қалыптастырып,ұлттық өнерімізді дәріптеп келед»- деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Нұрбек Нәбиев.
Көрермендерге ансамбльдің құрылу тарихы туралы бейнесюжет көрсетіліп, алғашқы мүшелердің есімдері құрметпен аталды. Тоқсаныншы жылдардың соңында ұлттық өнерге шынайы жанашырлықпен қарап, оны жаңғыртуға атсалысқан ардақты апаларымыздың еңбегі ерекше аталды. Бүгінде ансамбль құрамында өнер көрсетіп жүрген әжелер, апалар жастарға беріп отырған өнегесі сахнаның сәні ғана емес, олар — ұлт рухын бойына сіңірген өнер шежірелері. Олардың әр қадамы – өнеге, әр сөзі – өсиет, әр әні – тарих.
Ұжым жетекшісі — Гүлнәр Әбілқайырованың бастамасымен құрылған ансамбль бүгінде ауданнан асып, облыс, республика көлемінде танылып отыр.

«Бұл 20 жыл – жай уақыт емес, бұл – жол, бұл – жүрек. Бізді қолдаған елге, көрерменге, әріптестерге мың алғыс!» – деп жылы лебізін білдірді Гүлнәр Әбілқайырова.
Отанға, елге деген махаббат пен сағыныш әр әннен сезілді. Қонақтар арасында мәдениет майталмандары, аудан ардагерлері, өнерсүйер қауым және көрермендер ерекше ықыласпен қатысты.
Ансамбль мүшелерінің орындауындағы «Өз елім» әнімен қорытындыланған бұл кеш – нағыз рухани мереке, жүрекке жеткен жылулықтың үлгісі болды.«Балқадиша мұрасы» — халықтың жүрегінен шыққан, жүрекке жеткен ұжым.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 44 мектепте директор жоқ