Шалақындық ұстаз Ақерке Балымова баласын аман алып қалған дәрігерлерге өзінің суретін тарту еткен. Қазір көркем еңбек пәні мұғалімінің қолынан шыққан туынды Астанадағы ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына ерекше көрік беріп тұр. Талантты педагогпен Qazaqstan Media тілшісі тілдесіп қайтты.
Ақерке Балымованың қолынан шыққан туындыларды көргенде, адам қиялының шексіз екенін және мүмкіндігінің де кең екендігін түсінуге болады. Әр туындысын ерекше ықыласпен жасайтын ұстаз, бүгінгі таңда Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласындағы Евней Бөкетов атындағы мектеп-гимназияда көркем еңбек пәнінен сабақ береді.
«Қолөнерге деген қызығушылық бала кезден бар. Отбасмыда өнерге, ұстаздыққа жақын жан жоқ. Бірақ, өзім қолдан түрлі заттарды жасағанды ұнатамын. Әр бұйымды жасар алдында алдымен оның дайын нұсқасын көз алдыма елестетемін. Сосын барып, қолда бар заттарды алдыма қойып, солардан жасай бастаймын. Жұмыс барысында идея қосыла береді. Осылай бұйымды түрлендіріп, әсемдеймін. Қиялға ерік беру керек. Мен оқушыларыма да үнемі, қиялға ерік беріңдер, мүмкіндікті барынша пайдаланыңдар, деп кеңес беремін. Фетр, қағаз, жұқа мата, желім, бояғыш заттар. Мұның барлығы қолөнерде керек», — дейді Ақерке Балымова.
Қазіргі кезде ұстаз балаларға туындыларды 3D форматта жасауды үйретіп жүр. Айтуынша, оның ұстанған принципі бар білгенін балаларға үйрету. Кейін балалардың білімін түрлі байқауларға, көрмелерге қатыстырып, шыңдау. Содан кейін барып, туындыларды тапсырыс арқылы жасап, табыс табуға бейімдеу. Ақерке Қазбекқызының пікірінше, баланы ерте жастан бастап еңбекке баулу керек. Он саусағы қимылдаған жанның әрқашан табысы мол болады.
«Алғашқы кезде мектепке жұмысқа орналасқанда менің мамандығым бойынша бос орын болмады. Сондықтан басқа қызметтерде болдым. Бірақ, мектеп атынан түрлі көрме, байқауларға қатысатын едім. Ондағы мақсатым – алған білімімді шыңдап отыру, жетілдіру. Өзім үшін ең қымбат туынды ол – триптих жолбарыстың бейнесі. Оны 1,5 ай бойы жасадым. Бір бөліктен құралған үш картина болды. Сатен, жүн, фетр деген материалдарды қолдандым. Ең қиын жұмысым да сол болды. Қазір ол Астана қаласындағы ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында ілініп тұр. Себебі, дәрігерлер менің қызыма ота жасап, өмірін сақтап қалды. Соларға алғыс ретінде сыйға тарттым», — деді ұстаз.
Ақерке Балымова қолөнерден де, бала оқытудан да ерекше ләззат аламын дейді. Ол жарияланған әр байқау мен көрмеге шәкірттерін қатыстыруға тырысады. Осылайша, олардың өнерге деген құлшынысын оятады. Қазіргі кезде Ақерке Қазыбекованың оқушылары түрлі облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындар алған. Ал ол жасаған жаңа жылдық костьюмдер облыс көлемінде үздік атанып, республикалық президенттік шыршада ерекше костюмдердің қатарынан көрінген.
Ақерке Балымова отбасымен бірге төрт жыл бұрын теріскейге оңтүстік өңірден қоныс аударған. Жолдасымен алты баланы тәрбиелеп өсірген ұлағатты ұстаз балаларын да жан-жақты дамытуға тырысады. Кәсіби мерекесі қарсаңында ол аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жеңіл көлік КамАЗ-ға соғылып, 29 жастағы жігіт ауыр халде ауруханаға жеткізілді