Шалақындық ұстаз «Үздік педагог-2024» байқауының жеңімпазы атанды

Жыл сайын білім министрлігімен ұйымдастырылатын «Үздік педагог» байқауының биылғы жеңімпаздары анықталды. Олардың қатарында Шал ақын ауданы Сергеевка қаласындағы Социалистік Еңбек Ері Е. Шайкин атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Алексей Кособоков та бар, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

«Үздік педагог» байқауы аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Сонымен қатар, республикалық кезеңге жету үшін қатысушылар қалалық не аудандық, кейін облыстық кезеңдерден сүрінбей өтулері шарт. Осы талаптардың барлығына сай келгендердің бірі — биология пәнінің мұғалімі Алексей Кособоков.

Жерлесіміз облыстағы жалғыз жоғары білім ордасы М. Қозыбаев атындағы университетті аяқтаған. Бүгінде «педагог-шебер» деген біліктілік дәрежесі бар. Осы күнге дейін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі болған.

Шалақындық ұстаз «Үздік педагог-2024» байқауының жеңімпазы атанды

«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының облыстық, республикалық кезеңдерінде бірінші дәрежелі диплом алған. 2020 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» облыстық байқауының гран-при иегері атанды. Халықаралық «Элементы успеха» олимпиадасына қашықтан қатысып, үшінші орын алған. 2021 жылы Республикалық «Палитра мастерства» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен», — деп жазылған шалақындық ұстаздың еңбек жолына қатысты мәліметте.

Бұлардың қатарына биыл республикалық «Үздік педагог-2024» конкурсында бірінші орын алғандығы қосылады. Оған қоса, Алексей Кособоков елімізде ұйымдастырылатын түрлі семинар, конференцияларға да белсенді қатысады екен.

Биология пәні мұғалімінің оқушылары да облыстық, республикалық, тіпті халықаралық сайыстарға қатысып, бақтарын сынап жүр. Олардың біразы жақсы нәтижелер көрсетіп, түрлі дипломдармен марапатталыпты. Мысалы, 2020 жылы «Дарын» олимпиадасына қатысқан үш бірдей шәкірті бірінші орын алған. Тағы екеуі үшінші дәрежелі дипломмен марапатталған. Дәл осы жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған республикалық олимпиадада оқушысы екінші дәрежелі диплом алыпты. Шәкірттерімен қатысқан соңғы байқаулардың бірі — ҚР экология министрлігі ұйымдастырған «Үздік экологиялық ұйым» сайысы. Мұнда жерлестеріміз үшінші орын алыпты.

Еліміздегі мыңдаған педагог қатысатын байқауда үздік деп танылған шалақындық ұстаздың айтуынша, ол әжесінің жолын қуып, мұғалім болған.

Шалақындық ұстаз «Үздік педагог-2024» байқауының жеңімпазы атанды

«Менің әжем, Ефросиния Лукинична ұстаз болған адам. Ол бастауыш сынып балаларына сабақ берді. Мен соның жолын қуып, балаларды білім нәрімен сусындатамын деп шештім. Оған еш өкінбеймін. 2004 жылдан бері еңбек етіп келемін. Университетті аяқтағасын бірден мектепке орналастым. Бос уақытымда балық аулаған ұнайды. ІТ саласына да, автокөліктерге де қызығушылығым бар. Уақытты пайдалы өткізуге тырысамын», — дейді Алексей Кособоков.

Кейіпкеріміз 2024 жылы республикалық сараптамалық кеңесте бекітілген «биологиялық жүйелер мен процестерді модельдеу» авторлық бағдарламасын әзірлеп, оқу процесіне енгізген.

20 жылдық еңбек өтілі бар Алексей Кособоков осы уақыт ішінде білім басқармасы мен министрліктен талай рет марапат алған. Ал биыл ол «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да республикалық маңызы бар тас жолдарды қардан тазартуға 128 техника жұмылдырылады 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x