Шал ақын ауданы Мерген ауылында ерікті өрт сөндіру құрылымының бекеті ашылды. Су жаңа нысан Городецкий ауылдық округіне кіретін бес елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бекеттің штаттық саны алты адамды құрайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы киім мен жабдықтар және жаңа өрт сөндіру көлігі берілген. Министрлік біліктілік жайын назарсыз қалдырмаған. Жауапты міндет жүктелген жігіттер мен байланыста отыратын азаматтар үнемі оқыту курстарына қатыспақ. Салтанатты шараға ҚР ТЖД вице-министрі Батырбек Әбдішев пен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысты.

Игі бастама «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Бекет аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі болуы мүмкін өртті тез арада ауыздықтауға зор септігін тигізеді. Осы сияқты жаңашылдықтардың арқасында өңірлердегі қайғылы оқиғалардың саны азаяды.
Бекет жалғыз мемлекеттің ғана емес, жергілікті «Гермес Агро» серіктестігінің көмегімен салынды. Нысан қажетті құрал-жабдықтардың барлығымен жабдықталған. Тіпті, қызметкерлердің байланысқа шығуына және тынығуларына арналған арнайы бөлме де бар.
«Ауылда өрт сөндіру бекетінің ашылғанына қуаныштымын. Мұндай нысандар әр ауылдық округке керек деп ойлаймын. Біз кез келген төтенше жағдай кезінде бірден ерікті өрт сөндіру құрылымына хабарласа аламыз. Жаңашылдық арқасында уақыт та үнемделеді, өрт те тез ауыздықталады», -деді Мерген ауылының ақсақалы Естай Бірімжанов.
Городецкий ауылдық оуругінде 300-ге жуық үй бар. 800-ден астам адам тұрады. Айта кету керек, жыл басынан Шал ақын ауданында 30 өрт оқиғасы орын алған.

Тағы оқыңыз: Ұлттық аспап ұлықталды