Шал ақын ауданының аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Мұғалімдердің төл мерекесіне арналған кеш ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылды. Сахна безендіріліп, LED-экранда кештің атауы жарқырап тұрды.Мерекелік шара басталмай тұрып, жиналғандарға бейнероликтер көрсетіліп, жылы лебіздер айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Ұстаздырға мың алғыс…
Ғалым да, әкім де, батыр да ұстаздан тәлім алып, білім нәрімен сусындаған. Мұғалімнің әр күнгі еңбегі баланың болашағына жол ашады. Жанға жылу ұялатып, адал жолды таңдауға септеседі. Міне, осындай маңызды кәсіп иелеріне Шал ақын ауданында салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Концерттік бағдарлама шағын театрландырылған көріністермен басталды. Оқушылар «сиқыршылар бар ма, жоқ па?» деген ойын-сауықты әңгімеге арқау етті. Бірі «сиқыршылар баяғыда жойылып кеткен» десе, екіншісі «бүгінгі нағыз сиқыршылар – біздің мұғалімдеріміз» деп дәлелдеуге тырысты.
Осы шағын диалогтың өзінде үлкен мән бар еді. Расында да, ұстаздар болмаса, қарапайым әріптің өзі сиқырға айнала алмас еді. Ән мен би араласып, бүлдіршіндердің жүрекжарды өнері сахнаны думанға бөледі. «Мектебім» әнін айтқан жас өнерпаздардың дауысы залды тербеп, әр тыңдарманды өзінің балауса шақтарына жетелеп әкетті.
Мерекелік кештің ең салтанатты бөлігі – марапаттау рәсімі болды. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі атынан орынбасары Нұрбек Набиев жеткізді.

«Әрбір педагогикалық ұжым жаңа идеяларды жүйелі әрі лайықты түрде жүзеге асырып, білім беру жүйеміздің одан әрі дамуына өз үлесін қоссын деймін. Жаңа буынды біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді етіп тәрбиелеудің кілті – сіздердің қолдарыңызда! Барша ұстаздарға өз мамандығына деген адалдығы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі қиын да аса маңызды еңбегі үшін алғыс айтамын»,- деді аудан әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, ауданда білім саласындағы өзгерістерге тоқталды. Соңғы бес жылда ауданда білім нысандарын жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлініп, 11 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жалтыр орта мектебі жаңартылды. Тағы төрт мектепте ауқымды ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, 85 млн теңге қаржыға мектеп кітапханалары, асханалары мен пәндік кабинеттері жаңғыртылды. Оқушылардың білім алуына жағдай жасауға жергілікті кәсіпкерлер де ат салысып келеді. Олар жөндеу жұмыстарына, ыстық тамақ пен демалыс, экскурсиялар ұйымдастыруға 40 млн теңгеден астам қаржы бөлген.
Салтанатты кеште білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, төсбелгілермен марапатталды. Ардагер ұстаздарға да айрықша құрмет көрсетілді. Олар бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, әлі күнге дейін жас мамандарға тәжірибе бөлісіп келеді.
Марапатталғандардың қатарында Ақанбарақ орта мектебінің директоры Роза Амрина да бар. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, білім саласына арнаған құрметті мұғалім, биыл облыс әкімі қолынан «Еңбек ардагері» медалін де алып отыр.
«Құрметті ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қоғамымыздың болашағын қалыптастыратын, тек білім беріп қана қоймай, тәрбиелеп, шабыт сыйлайтын адамдарға деген ерекше құрмет пен ризашылық күні.
Ұстаз – жай ғана мамандық емес, бұл – тағдырдың берген ерекше миссиясы. Сіздер – балаларға жаңа әлемнің есігін ашатын, оларға өз-өзіне сенуді үйрететін, қиын сәтте жанынан табылатын жандарсыздар. Әрқайсыңыз шәкірттеріңізге тек білім ғана емес, жүрек жылуын, жан шуағын сыйлайсыздар»,- деп ізгі тілегін білдірді әріптестеріне Роза Амрина.

Өнердің күмбірі
Концерт барысында «Жемчужина» би ансамблі қазақ даласының сұлулығын, жастықтың жалын күшін би қимылымен жеткізді. Әншілердің орындауындағы «Атамекен», «Ұстазым» сияқты әндер әр жүрекке сәуле түсірді. Кеш соңында барлық қатысушылар сахнаға шығып, естелікке суретке түсті. Ұстаздарға гүл шоқтары ұсынылып, ата-аналар мен оқушылар ыстық ықыластарын жеткізді.
Бұл мереке тағы да ұстаз — қарапайым мамандық иесі ғана емес, ол — жүректерді оятатын, арманға жетелейтін, адам бойындағы шырақты маздатып тұратын шынайы сиқыршы екенін дәлелдеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ұлағатты ұстаздар құрметке бөленді