Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының тыныс-тіршілігі өзгеріп, жаңа серпін алды. Бұрынғыдай тып-тыныш, ескірген орталық енді нағыз халық жиылатын орынға айналды. Оған себеп — қаланың дәл ортасында ашылған «Астана» жаңа демалыс орны, деп жазады Qazaqstan Media.

Жаңа демалыс орны — заманауи, ыңғайлы әрі әсем. Оның ашылуы қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше болды. Мұнда күн сайын балаларымен бірге серуендеген ата-аналар, демалуға шыққан қариялар, бас қосқан жастарды көруге болады. Ал белсенді тұрғындар болса  түрлі іс-шараларға қатысады. Тазартылып, жаңартылған жолдар, әсем гүлзарлар, сәнді шамдар мен жайлы орындықтар. Мұның бәрі ерекше жылылық пен қауіпсіздік әсерін береді. Ең бастысы — әр адамға ыңғайлы.

Халықтың өтініші орындалды

Бір жыл бұрын бұл маңай мүлдем басқаша күйде еді. Осы орында орналасқан ескі «Бәйтерек» сквері тозығы жетіп, ескірген еді. Жолдары жарылып, шамдары жиі істен шығып, көгалдандыру жұмыстары ұмыт қалғандай болатын. Алайда, қалада басқа демалыс орны болмағандықтан, тұрғындар амалсыз келіп жүрді.

Сергеевка қаласында жаңа демалыс алаңы ашылып, қала тіршілігі жанданды
Сергеевка қаласында жаңа демалыс алаңы ашылып, қала тіршілігі жанданды

«Тұрғындардан ондап, жүздеп өтініштер түсті, — дейді Сергеевка қаласы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы Хасан Гарипжанов. — Халық жай серуендейтін емес, шын мәнінде бос уақытын мазмұнды өткізе алатын орын сұрады. Сондықтан біз кешенді жаңғырту жобасын қолға алдық. Жұмыстар 2023 жылы жұмыс басталды».

Аталған жобаны жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 167 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын елордадан келген тәжірибелі «Жаухар» компаниясы атқарды. Алдымен ескі жабындар алынып тасталды. Артынша жаңа жаяу жүргінші жолдары салынды, демалыс орындары мен жарық шамдары орнатылды. Жасыл желектер отырғызылып, балалар алаңқайлары тұрғызылды.

Жоба барысында ұсақ-түйекке дейін мән берілді. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылып, түнгі жарықтандыру сәндік шамдармен толықты. Кіші архитектуралық пішіндер мен орындықтар бірыңғай стильде жасалды. Осылайша ортақ композициялық үйлесімге қол жеткізілді.

«Сквер жарқын, кең әрі шынайы өмірге толды. Бұрын балалармен баратын жер таппайтын едік. Қазір күнде осындамыз. Балалар ойнайды, біз тынығамыз. Бұл — біздің жаңа өміріміздің бір бөлігіне айналды»,-дейді қала тұрғыны, үш баланың анасы Әлия Сағындық.

Жаңа нысан ашылған сәттен бастап-ақ тіршілік қайнады. Сейсенбіден сенбіге дейін, кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін скверде түрлі мәдени шаралар өтеді. Аудандық кітапхана мен музей лекциялар, көрмелер, шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Балаларға ашық аспан астында мультфильм көрсетіліп, аниматорлар көңіл көтереді. Ата-аналар мен балалар, достар мен көршілер осында жиналып, ортақ қуаныш пен демалысты бірге бөліседі.

Сергеевка қаласында жаңа демалыс алаңы ашылып, қала тіршілігі жанданды
Сергеевка қаласында жаңа демалыс алаңы ашылып, қала тіршілігі жанданды

«Біз жұбайымызбен аудандық чаттардағы кестеге қарап отырамыз, — дейді қала тұрғыны Тимур Аманжолов. — Кейде тек серуендеуге келеміз, кейде арнайы концертке не лекцияға. Қаладағы өміріміз өзгере түсті. Ең бастысы — бізді тыңдап, жағдай жасап жатқандар бар екенін сеземіз».

Ең қызықты кештер — жұма және сенбі күндері. Бұл күндері сквер шағын мерекеге айналады. Дискотека, караоке, жанды музыка мен көңілді отырыстар өтеді. Жастар мен отбасылардың сүйікті орнына айналған скверде жаңадан үйленгендер де жиі фотосессия жасайды. Балмұздақ, сусын, тәтті мақта, әуе шарлары мен балалар машиналарын жалға алу — барлығы да көңіл көтеруге арналған.

«Бұл жай ғана сквер емес, бұл — қаланың жүрегі. Адамдар мұнда тек қыдыру үшін емес, бір-бірін көру, сөйлесу, қоғамның бір бөлшегі екенін сезіну үшін келеді. Мұндай орын әр қалада болуы тиіс» — дейді тұрғын Талғат Жұмағұлов.

«Сергеевканың жаңа жүрегі»

Шынында да, жаңа алаң — жай ғана демалыс аймағы емес. Бұл — қарым-қатынас, мәдени өрлеу, қоғамның бірігу нүктесі. Мұнда отбасылық кештер, мәдени шаралар, спорттық ойындар ұйымдастырылады. Балалар күлкісі мен музыка, жарқын жарықтар мен көңілді шу қаланың жаңа тынысын білдіреді. Қалалықтар бұл орынды «Сергеевканың жаңа жүрегі» деп атап кеткен.

Ең қуантарлығы — бұл тек бастамасы ғана. Аудан әкімдігінің айтуынша, алдағы уақытта өзге де демалыс аумақтары мен аулалар жаңартылып, қала инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Мақсат — адамға жайлы, қауіпсіз, заманауи орта қалыптастыру.

«Қаланың өзгеріп жатқанын көрген сайын өзіміз де шабыттанамыз. Қазір жай ғана серуендеу — ерекше қуаныш. Бәріне рахмет!»дейді зейнеткер Валентина Соловьева.

Мұндай жобалар тұрғындар мен биліктің арасын жақындатады, ертеңге сенім ұялатады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *