Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының бөгетінен су 31 наурыз күні кешке аса бастады. Соңғы бір тәулікте су деңгейі тағы 13 сантиметрге көтерілді. Өңірдегі бірқатар өзендерде де су күрт көбейіп жатыр. Кей жерлерде аздап төмендеу байқалғанымен, жалпы жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы Qazaqstan Media гидрологиялық мониторинг деректеріне сүйеніп хабарлайды.

Су деңгейінің ең қатты көтерілуі Аққанбұрлық өзенінде тіркелді. Қовыльное ауылында бір тәулікте су бірден 131 сантиметрге өскен. Гусаковка ауылындағы Бабықбұрлық өзенінде де айтарлықтай өсім бар — 112 сантиметр. Ал Тоқсан би ауылындағы Есіл өзені 105 сантиметрге жоғарылаған.

Бұдан бөлек, Возвышенка ауылындағы Аққанбұрлықта су 52 сантиметрге, Дружба ауылындағы Есілде 50 сантиметрге, Соколовкадағы Иманбұрлықта 47 сантиметрге көтерілді. Сергеевка қаласындағы Есіл өзенінде де тәуліктік өсім 29 сантиметр болды.

Петропавлда да су деңгейі өсіп отыр. Мұнда Есіл өзені бір тәулікте 13 сантиметрге көтеріліп, 310 сантиметрге жетті.

Мамандардың айтуынша, кей өзендерде мұз қозғалып, ашық су пайда болған. Кей жерлерде су мұздың үстіне шығып, жағалаулар сөгіле бастаған. Алдағы күндері күндіз ауа температурасы 13–18 градусқа дейін жылып, түнде нөл шамасында болады деп болжанып отыр. Осыған байланысты қардың еруі күшейіп, еріген су көлемі артуы мүмкін. Соның салдарынан өзендерде су тағы көтерілуі, жолдарды су басуы және тасқын қаупі ұлғаюы ықтимал.

Сонымен қатар кейбір гидробекеттерде су деңгейінің төмендеуі де байқалады. Ең үлкен төмендеу Шөптікөл ауылындағы Есіл өзенінде тіркелген — су 48 сантиметрге азайған. 

Есіл өзенінің Ольшанка ауылындағы деңгейі 10 сантиметрге азайса, Новоникольское ауылында 7 сантиметрге түскен. 

Алайда жекелеген учаскелердегі бұл өзгерістерге қарамастан, облыс бойынша жалпы ахуал су деңгейінің өсу бағытын көрсетіп отыр. Мамандар өңірдегі су тасқынының шарықтау шегі сәуірдің екінші және үшінші онкүндігінде болуы мүмкін екенін айтады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан 75 жоғалған адам табылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *