Саха Республикасы инвестицияларды тарту және экспортты қолдау агенттігінің өкілдерінен құралған делегация Петропавлдағы «Alageum Electric» зауытына барды. Меймандар кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, өзара тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Еліміздегі ірі компаниялардың бірі «Alageum Electric» зауытының СҚО-дағы филиалы осыдан екі жыл бұрын ашылған еді. «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорынға 10 млрд теңге инвестиция құйылған. Зауыт жылына 13 мың дана электр-техникалық өнім шығаруға қауқарлы. Олардың жалпы құны-15 млрд теңгені құрайды. Қондырғылардың 98 пайызы ТМД елдеріне экспортқа жөнелтіледі. Шығарылатын өнімдердің қатарында кернеу класы 6, 10, 35 кВ болатын тарату трансформаторлары мен жоғары вольтты ұяшықтар бар. Алдағы уақытта мұнда қосымша тағы 2 жоба іске асырылмақ.
Саха Республикасынан келген мамандар ең алдымен Солтүстік Қазақстан облысымен тығыз қарым-қатынас орнатып, көшбасшы өндіріс ошақтармен тәжірибе алмасуды көздейді.
«Зауыттың әлеуеті зор. Болашақта кәсіпорынмен сауда-саттық қарым-қатынас орнатсақ па дейміз. Бұл жерде шығарылатын трансформаторлар Ресей, Қырғызстан сынды көптеген мемлекеттерде сұранысқа ие. Бұдан бөлек, осы жаққа өз мамандарымызды жіберіп, өзара тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз», — деді Саха Республикасы инвестицияларды тарту және экспортты қолдау агенттігінің директоры Анна Стручкова.
Тағы оқыңыз: 2GIS қазақ тіліне аударылды