Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы Қадір түнін наурыздың 26-нан 27-не қараған түніне белгіледі. Сондықтан бүгін мұсылман жамағат қасиетті түннің сауабынан құр қалмау үшін ұйықтамай құлшылық етеді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қадір түні Рамазан айының 27-ші не 29-шы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады делінген хадисте.
Құранда Қадір түнінің нақты уақыты айтылмайды, әл-Бұхари хадисінде Рамазан айының соңғы 10 күніндегі тақ түндердің бірі екені айтылған. Көпшілігі мұны Оразаның 27-ші түні деп санайды.
Жалпы, Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі, Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше болып саналады.
Қадір түнінде мұсылман жамағат құлшылық жасап, дұға-тілектер жасауы тиіс.
Айта кетейік, 30 наурызда мұсылмандар Ораза айт мерекесін атап өтеді. Ал пітір садақа мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
Тағы оқыңыз: Наурыз мерекесін пайдаланып, өңір колледждері кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізді