«Саламатты Қазақстан» пойызы — Қазақстан Республикасының халқын тегін медициналық қызметпен қамтуға арналған ауқымды әлеуметтік жоба. Мақсаты — шалғай елді мекендердегі халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Медициналық поезд бүгінде Тайынша ауданының тұрғындарын қабылдап жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Тайынша ауданына «Саламатты Қазақстан» пойызы 13 тамыз күні келіп жетті. Алдағы екі күнде ол Тайынша қаласындағы теміржол станциясында тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсететін болады. «Саламатты Қазақстан» пойызы — толықтай заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған жылжымалы емхана.
«Поезд құрамында бірнеше мамандандырылған вагондар бар. Жалпы қабылдау бөлімі, терапевт, педиатр, кардиолог, гинеколог, стоматолог жұмыс істейді. Көз жанарын тексергісі келетін тұрғындарға офтальмолог қызмет етеді. Сонымен қатар, құлақ, мұрын және тамақ қуысын тексертуге де мүмкіндік бар. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының өзінің шағын зертханасы да бар. Онда ең қажетті талдаулар жасалады. Сондай-ақ, ультрадыбыстық зерттеу, рентген, маммографиялық, электрокардиографиялық зерттеу жүргізуге болады», — дейді поездың аға дәрігері Елнұр Маханов.
Ауыл тұрғындары көбінесе медициналық мекемелерге қол жеткізе алмайды немесе сапалы қызметке зәру. «Саламатты Қазақстан» пойызы дәл осындай елді мекендерді аралап, мыңдаған адамға көмек көрсетеді. Бұл халықтың ауруларын ерте кезеңде анықтауға және алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғалы бері мыңдаған тұрғын тексерістен өтті, олардың көпшілігіне диагноз қойылып, ем тағайындалды. Қажет болған жағдайда, науқастар облыстық немесе республикалық деңгейдегі емханаларға жолданады. Бұл әсіресе жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және қант диабеті сияқты созылмалы ауруларды ерте анықтауда маңызды рөл атқарады.

«Тайынша ауданында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының келгеніне қуаныштымыз. Алыста тұратын ауылдағы ағайын денсаулықтарын тексертіп алады. Біздің ауданаралық көпбейінді ауруханамыз — облыстағы үздік медициналық мекемелердің бірі. Дегенмен, денсаулық — зор байлық. Халықтың тағы бір медициналық тексерістен өткені артық етпейді. Біз медициналық поезд мамандарынан мобильді топ жасақтаймыз. Олар үйде төсек тартып жатқан науқастарға баратын болады. Олардың жүріп-тұруына көлік те бөлдік», — дейді Тайынша ауданаралық көпбейінді аурухананың директоры Мақсат Құдретоллаев.
«Саламатты Қазақстан» пойызы — бұл тек медициналық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мұндай бастамалар ауыл мен қала арасындағы медициналық теңсіздікті азайтуға ықпал етіп, жалпы халықтың өмір сүру сапасын арттырады.
Тайынша ауданында медициналық поезд төрт күн болады. Алдағы екі күнде Тайынша қаласында, кейін Октябрь станциясы мен Чкаловта ауыл азаматтарына тегін медициналық қызмет көрсететін болады.
Тағы оқыңыз: СҚО тұрғынын бұқа сүзіп, алты қабырғасын сындырған