Кеше, яғни қарашаның бесі күні өткен сайлаудың ресми нәтижесі жарияланды. Есіл, Мамлют, Тимирязев ауданы әкімдерін сайлауға 24 мың солтүстікқазақстандық қатысып, өз таңдауларын жасаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сайлаушылардың жалпы тізімі — 35846 адамды құраған. Олардың тек 24061-і дауыс беруге қатысқан. 660 адам үйден шықпай-ақ өз таңдауларын жасады. Жалпы саяси додаға 8 кандидат түскен болатын.
«Аудан әкімдері сайлауының қорытындысы шықты. Есіл ауданы бойынша Мұхамедияров Мереке Тілеужанұлы үшін сайлаушылардың 8419-ы дауыс берді. Екінші кандидат Шаймергенов Серік Жәукеұлы 1630 дауыс жинаған. Ал 724 есілдік барлығына қарсы дауыс берген. Ал Мамлют ауданы бойынша сайлауға түскен 3 кандидаттың арасында Жұмықов Мейірхан Серғалиұлы ең аз дауыс жинаған, 428. Исманов Абзал Жәмкенұлына 604 сайлаушы сенім білдірсе, Степаненко Елена Федоровнаға 6817 адам дауыс берген. Бұл аудан бойынша «барлығына қарсы» деген бағанды 416 тұрғын таңдаған. Тимирязев ауданы бойынша айтар болсақ, Талғат Файзоллаұлы Есләмов 338 дауыс жинаған. Ал екінші кандидат Қайрат Зейноллаұлы Жағыпаровқа сайлаушылардың 358-і қолдау білдірген. Тимирязев ауданында «барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 181 болды», — дейді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжан.
Тимирязев ауданының тұрғындары өздерінің қазіргі әкімдері Ерлан Қайырұлы Жаровқа сенім артқан. Сөйтіп, ол 3536 дауыс жинап, сайлауда жеңіске жетті.Ал Есіл ауданының әкімі болып 1962 жылы туған Мереке Мұхамедияров сайланды. Елена Степаненко Мамлют ауданының әкімі болды. Айта кетейік, ол ауданды басқаратын өңірдегі алғашқы әйел азамат.