Оқушылар өз уақытының шамамен 70 пайызын мектеп қабырғасында өткізеді. Сондықтан сабақ кестесінің дұрыс  құрылуы – тек оқу процесінің емес, оқушылардың денсаулығы мен психикалық саулығына да маңызды. Осы орайда QM тілшісі мамандар кеңесін саралап, ұсынады.

Жақсы ойластырылған сабақ кестесі оқушылардың шамадан тыс шаршамауына кепілдік береді. Оған қоса мұғалімдердің жұмысы тиімді ұйымдастырылады. Ол сонымен қатар кабинеттер мен шеберханаларды ұтымды пайдалануға жағдай жасайды.

Бастауыш сынып оқушыларының орталық жүйке жүйесі әлі толық жетілмеген. Сондықтан бұл жастағы балаларда қозу процесі басым, ал тежелу механизмдері әлсіз болады. Осы себепті ақыл-ой жүктемесін теңестіру, сабақтардың ұзақтығын және демалыс аралығын дұрыс жоспарлау аса маңызды.

«Ұзақ уақыт бойы бір қалыпта отыру тірек-қимыл аппаратына үлкен салмақ түсіреді. Сабақ араларында белсенді үзілістер, қысқа жаттығулар немесе дене шынықтыру минуттары енгізілсе, балалардың шаршауы азаяды, қан айналымы жақсарып, оқу тиімділігі артады»,-дейді мамандар

Соңғы жылдары зерттеулер көрсеткендей, оқу кезеңінде балалар арасында көру қабілетінің, арқа қисаюының және психоневрологиялық ауытқулардың артуы жиілеген. Мысалы, оқу жылы ішінде көру бұзылыстары бес есеге, жүйке жүйесінің ауытқулары төрт есеге өседі. Бұл құбылыс көбіне оқу жүктемесінің көлемі мен қарқындылығына тікелей байланысты.

Оқу орнындағы жарықтандыру, ауа температурасы, жиһаз биіктігі мен сапасы, тамақтану мен шынығу мәдениеті – мұның бәрі баланың денсаулығына әсер етеді. Әрбір мектеп осы факторларды сақтауға назар аударуы тиіс.

Сабақ кестесін жасау кезінде пәндердің күрделілігі мен мазмұны; оқушылардың жас ерекшелігі мен психофизиологиялық мүмкіндігі; апталық және күнделікті еңбекке қабілеттілік деңгейі ескерілуі қажет.

«Бастауыш сыныптарда ең күрделі пәндерді бірінші және екінші сабақтарға қою тиімді. Себебі дәл осы уақытта балалардың ми белсенділігі ең жоғары деңгейде болады. Ал бесінші-алтыншы сабақтарда еңбек қабілеті шамамен 50%-ға төмендейді»,-деп отыр зерттеушілер.

Сонымен қатар, екінші ауысымда оқитын балалар тез шаршайды екен. Сол себепті бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бірінші ауысым тиімді саналады.

Қолданыстағы санитарлық нормаларға қарамастан, көптеген мектептерде оқу жүктемесі жоғары болып отыр. Нәтижесінде балаларда жүйке-психикалық бұзылыстар, иммунитет әлсіреуі, ас қорыту жүйесінің бұзылуы және созылмалы шаршау байқалады.

Педагогтар мен физиологтар күрделі пәндерді аптаның басында және таңертеңгі уақытта өткізуге кеңес береді. Ал апта соңында немесе тоқсанның соңында белсенді демалыс, шығармашылық және спорттық сабақтар көбейтілуі тиіс.

Тағы оқыңыз: Ашық люктер мен электр қондырғылары партиялықтардың назарында  

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *