Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз иемденіп келген. Ол сүт өндірісімен айналысуға берілген қаржыға шетелдік көлік алған, деп жазады Qazaqstan Media.
Қаражатты жымқыру фактісін қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті анықтаған. Күдікті мемлекеттің сүт-тауар фермаларын ашуды қолдауын пайдаланып, айласын іске асырған.
«Өндірістік кооператив басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықта жалған құжаттарды пайдаланған. Осылайша, сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны заңсыз алған. Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар көрсеткен. Май өндірісі туралы да өтірік ақпарат беріп келген», — деп жазылған қаржылық мониторинг агенттігі таратқан хабарламада.
Ал субсидияның ақшасына ол TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150 маркалы автокөлік сатып алған. Бірақ темір тұлпарды басқа сенімді адамның атына рәсімдепті.
Алайда, соттың санкциясымен аталған автокөлікке тыйым салынды. Күдіктіге қатысты сот екі айға қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда бұрынғы ет комбинаты қайта жұмыс істеп бастады