Ұлттық статистика бюросы еліміздегі халық саны туралы мәліметті жаңартты. 2025 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда 20 316 155 адам тұрып жатыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстандағы ең халқы көп өңірлер Алматы қаласы мен Түркістан облысы болып саналады. Алматыда халық саны 2 300 876 болса, Түркістан облысында одан сәл аздау, 2 154 130 адам.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, тұрғындарының саны бір миллионнан асатын бес өңір бар екен. Олар: Алматы облысы – 1 566 257, Астана – 1 544 142 адам. Шымкент қаласында – 1 261 709 тұрғын болса, Жамбыл облысында адам саны 1 221 439 жеткен. Бұл тізімде Қарағанды облысы да бар. Онда 1 133 524 адам тұрып жатыр.
Елімізде тұрғындардың басым бөлігі қалалықтар екен. Жыл басымен салыстырғанда ауыл халқы шамамен сегіз мың адамға азайған, ал қала халқы 40 мыңнан астам адамға артқан.
Солтүстік Қазақстан облысына келер болсақ, мұнда халық саны 521,2 мың адамды құрайды. Соның ішінде қалалықтардың үлесі 49,5 пайыз, ауылдықтар 50,5 пайызды құрайды. Осылайша, теріскейде ауыл азаматтарының үлес салмағы басым.
Халықтың табиғи кемуі жыл басындағы мәліметтермен салыстырғанда — 199 адамды құрады. Өңірден басқа облыстарға көшіп жатқандар көп. Жыл басынан өзге елге 23 адам, Қазақстан ішінде 773 адам көшіп кеткен.
Тағы оқыңыз: Петропавлда демалыс алаңының орнына автотұрақ салынады