СҚО тұрғындары қысқа қамдануға асығар емес. Бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Владислав Лукиннің айтуынша, халыққа қажетті отын көлемі 419 мың тоннаны құрайды. Тамыздың ортасына қарай солтүстікқазақстандықтар оның тек 30%-ын немесе 124 мың тоннасын дайындады. Қысқа қамдану көрсеткіші бойынша көштің соңында Ғ. Мүсірепов, Уәлиханов және Есіл аудандары тұр.
«Көмір тұйықтарға маусым айынан бастап әкелінеді және жылыту маусымы кезінде де жеткізілетін болады. Күзде сұраныс артып, кезектер болуы мүмкін. Сондықтан біз халыққа отынды алдын-ала дайындау қажеттігін ескерттік. Десе де, тұрғындар асығар емес», — дейді Владислав Лукин.
Петропавл қаласы әкімдігінің хабарлауынша, Майкөбе, Екібастұз, Шұбаркөл, Қаражыра көмірлері бар. Көмір құны сұрыпқа байланысты 12,5-тен 17,2 мың теңгеге дейін жетеді.
Тағы оқыңыз: Green Park-тегі иттердің жағдайы жақсы – демалыс орнының өкілдері түсініктеме берді