Өткен демалыс күндері СҚО спорты үшін сәтті болды. Ең басты жеңісіміз — Ербол Хамитовтің Әлем Кубогы кезеңінде еншілеген қола жүлдесі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ербол Хамитов бұл жолы парабиатлоннан сынға түсті. Ол 12,5 шақырымдық жекелей сында өнер көрсетті. Атыс айлақтарында бір қателік жіберіп, қола медальды місе тұтты.
«Әлем Кубогының кезеңі Польшада өтті. Астанадан ұшып келгеннен кейін келесі күні сынға түстім. Мүмкін сол да кедергі болған шығар. Бірақ бұл — ақталу емес. Ең бастысы бізде мінез бар. Алар асулар әлі алда», — деді спортшы.
Ал кеше «Құлагер» хоккей клубы көкшетаулық «Арлан» командасымен кездесті. «Солтүстік дербиі» деп аталатын бәсеке өте тартысты өтті. Бірақ, теріскейлік хоккейшілер соңғы периодта жеңісті жұлып алды.
Ал «Қызылжар» футбол клубы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында болгариялық «Хебыр» командасымен кездесті. Тартысты өткен ойында тең есеп тіркелді. Есеп — 1 де 1.
Тағы оқыңыз: Президенттің кадрлық өкілеттігін кеңейту ұсынылды

