Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары бойынша кеңес өткізді. Күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселелердің бірі – бағдарламалық көрсеткіштердің орындалуы. Оның ішінде мал азығын дайындау, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саланың инвестициялық белсенділігін арттыру, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ұсынылған ақпарға сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 13,2 млн тонна шөп дайындалған. Жұмыс қарқыны бойынша теріскейлік шаруалар алдыңғы қатарда тұр.
«Бүгінгі таңда жоспардың 53,8 пайызы орындалды. Мал азығын дайындау қарқыны бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары алда келеді. Ал Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Қарағанды облыстары артта қалып отыр. Бұл олқылықтардың орнын толтыру мақсатында өңірлер бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс»,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министр Ермек Кенжеханұлы.
Жиын барысында Айдарбек Сапаров облыстарға жем-шөп бағасын ұдайы бақылауды, негізсіз қымбаттауға жол бермеуді тапсырды. Саланың дамуы үшін инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта министрлік ауқымды істер атқаруда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіпке 616,6 млрд теңге құйылған.

«442,7 млрд теңге – ауыл және балық шаруашылығына, 104 млрд теңге – азық-түлік өндірісіне, қалғаны сусындар өндірісіне бағытталды. Инвестиция тарту бойынша ең жақсы көрсеткіштерге Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Түркістан қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Алматы, Ақмола және Абай облыстары қол жеткізді. Ал Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында көрсеткіш төмен болып отыр», -деді вице-министр.
Агроөнеркәсіпке инвестиция тарту және шөп дайындау бойынша жоспардың орындалуына ауа райы тікелей әсер етеді. Жиын барысында ашық күндерді тиімді пайдалану, уақытылы болжаммен бөлісу жайлы да айтылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тау-кен саласын дамытуға 237 млрд теңге инвестиция бөлінді