Биыл өңір прокурорлары 50,9 млрд теңге қаражат құюды жоспарлаған инвесторлардың алты проблемалық жағдайын шешуге көмектесті. Қазіргі кезде 31 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы облыстық прокуратураның бақылауында, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Құзырлы орган мамандары көмектескен инвестордың бірі — Atameken Agro Oils ЖШС. Серіктестік құны 19,4 млрд теңге болатын экстракциялық май өндіру зауытының құрылысы жобасын жүзеге асырмақ. Ол іске қосылса жаңа 252 жұмыс орны ашылады.
«Жобаны жүзеге асыру барысында кәріз желісінде ақау туындап, өндіріс алаңын су басқан. Инвестордың қатысуымен фронт-офис жүргізген жұмыс шеңберінде мәселе қарастырылып, оны шешу жолдары әзірленді. Қадағалау органының ұсынысы бойынша әкімдік құбырларды ауыстырды. Сондай-ақ кәрізді қайта қалпына келтіруге қосымша 100 млн теңге қаражат бөлді», — деп хабарлайды СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Тағы EMS Agro ЖШС және Eurasian Milk ЖШС-нің жұмсалған инвестициялық шығындарды өтеу бойынша өтінімдерді қарау мерзімдері бұзылғандығы анықталды. Жергілікті атқарушы органның қадағалау және үйлестіру шаралары арқасында инвесторларға 1,2 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Бұл оларға жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік берді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су басқан 300-ден астам үй зерттелді