Солтүстікқазақстандық полицейлер жуырда Астана қаласында MMA Free Fighting бойынша өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Ибрагим Беков пен Айдархан Кайруллин алтын медальға, ал Абылайхан Өмірзақ қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Төрт күндік чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 1500 спортшы қатысқан. Ибрагим Беков 71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, бірден грэпплинг, шок бөлімдерінде жеңіске жетті. Айдархан Кайруллин 77 келіге дейінгі салмақта шок бөлімінде кездесу өткізіп, жеңімпаз атанды. Ал Абылайхан Өмірзақ 84 келі және одан жоғары салмақта рингке шығып, қола медальға ие болды.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов спортшы-полицейлерді құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары бағасын берді.
«Темірдей тәртіпті ұстанатын, ауыр жұмысқа дайын, жеңіске деген ұмтылысы жоғары осындай қызметкерлер барлық жеке құрам мен жастар үшін нағыз үлгі»,- деді өңірдің бас полицейі.
Тағы оқыңыз:«Серпін» бағдарламасына өзгерістер енгізіледі